ИСЛАМДЫҚ ҚАРЖЫЛАНДЫРУ ИНСТИТУТТАРЫНЫҢ ТҮРЛЕРІ

«Сұхбат.KZ» бағдарламасының қонағы – ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрінің кеңесшісі, Қазақстандағы Ислам қаржысын дамыту қауымдастығының төрағасы Ерлан Байдәулет

2012-11-15 Тележобалар, Сұхбат.KZ Қарау 23

       Осы жылы Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Ислам Даму банкі елдік-әріптестік стратегиясына қол қойды. Экономикалық тұрғыдан алғанда, бұл құжат өте маңызды құжат болып есептеледі. Ислам Даму банкі Қазақстанға 1,5 млрд АҚШ долларын құятын болып шешті. Екіжақты құжаттарға қол қойылды. Мұндай ірі көлемдегі инвестиция ТМД аумағында алғаш рет іске асып отыр. Енді алдағы 3 жылдың көлемінде қомақты қаржы еліміздің көлік, энергетика, ауыл шаруашылығы және өзге де әлеуметтік маңызды салаларын дамытуға жұмсалады. Ислам Даму банкі ұзақ мерзімге қарыз беру арқылы кәсіпкер-шаруаларды қаржыландырып отырады. Мұнда белгілі бір табыс түспейінше банк қарызын қайтаруға қолқа салмайды.

http://www.24.kz/telezhobalar/suhbat/item/sұhbatkz-baғdarlamasynyң-қonaғy-қr-industriya-zhәnе-zhaңa-tеhnologiyalar-ministrіnің-kеңеsshіsі-қazaқstandaғy-islam-қarzhysyn-damytu-қauymdastyғynyң-tөraғasy-еrlan-bajdәulеt.html?category_id=88

 

Ислам банктері әділетті ұйым – Е.Байдәулет

АСТАНА. 19 қараша 2012, 15:28.

       Қазір қоғам құнсыз ақшаның «құлына» айналып бара жатыр. Жол жүрсек те, тамақтансақ та артық ақша төлейміз. Көп жағдайда ысырапшылықтың ыңғайын «тауып» жүрміз. Ал саудагер, болмаса қызмет көрсетуші (ақшаны ақшаға сатқан тараптар да солардың қатарына жатады) «мен бұл өнімнің құнына пәленше пайыз ғана ақша қостым» деп бетімізге ашық айтып, артық сұрақ қоймауды үйретіп қойған.
       Жоғарыда ақшаны ақшаға сатқан тараптар дедік. Олар – ақша беріп, оның үстіне ақша қосып алатын, болмаса, өнім беріп, өнімнің таза құнынан бірнеше есе артық ақша иемденетін кез келген қаржы ұйымы, өзге де ұйымдар. Жасымызға, жұмысымызға, тіліміз бен дінімізге қарамай, көп жылдар бұған көз жұма қарадық әрі сол ұйымдардың тұрақты тұтынушысына айналдық.
       Түрлі себептерге байланысты жоғарыдағы принциптерге мүлде қарама-қайшы келетін, тазалық пен адалдықты ту еткен, тек шариғат заңдарына ғана сүйеніп жұмыс істейтін исламдық қаржыландыру жүйесі Қазақстанға кештетіп келді. Ерте келсе де (тәуелсіздіктің алғашқы жылдары біраз инвесторлар келгенмен, дұрыс қолдау, тұрақты түсінік таба алмаған соң, Қазақстандағы жобаларды қаржыландырудан бас тартқан – автор) Қазақстан экономикасында бірден өз орнын еншілей алмады. Ештен кеш жақсы екенін ескерсек, әлемнің көптеген елінде ең адал қаржы ұйымы болып мойындалған исламдық қаржыландыру Қазақстанда да қанат жайып келе жатқанына куә болып отырмыз. Тіпті, Елбасының өзі оңтүстік астанамыз – Алматы қаласын ислам қаржыландыру орталығына айналдыру туралы ұсыныс жасағаны белгілі. Біраз назар, Үкіметтің қолдауы және халықтың мол сенімі болса, Қазақстан үшін асыл діндегі адал жүйенің жемісін көретін күн алыста емес тәрізді. Біз Қазақстандағы ислам қаржыландыру жүйесінің дамуы үшін бір адамдай тер төгіп жүрген, Қазақстан Ислам қаржы дамыту қауымдастығының төрағасы Ерлан Байдәулет мырзамен емен-жарқын сұхбат құра отырып, Қазақстандағы ислам банктерінің кешегісі, бүгінгісі мен болашағын бір тақырып аясына сыйдыруға тырыстық.

       -Ерлан мырза, Сізден Қазақстандағы ислам қаржыландыруы жайлы сұхбат алайын деп едім…

       -Ал, бисмилла! Жалпы, ең алдымен ислам қаржыландыруы және ислам банкингі дегеніміз не екеніне тоқтала кеткеніміз артық болмас. Ислам даму банкі – бұл үкіметаралық қаржы ұйымы. Қазақстан бойынша Алматыда кеңсесі бар. Ислам қаржыландыруы Қазақстанда өзектеніп отырған мәселе. Үкіметпен бірлесіп, біз де бұл жүйені дамыту үшін бірнеше жоспарларды жолға қойдық. Ислам даму банкі – ол көшеде келіп жатып, ақша аударуға болатын, несиені қалталай салатын банк емес, оның жұмысы бұл банктерден мүлде басқаша. Ол Үкіметаралық жобаларды, үлкен инфрақұрылымды жобаларды қаржыландырады.

       -Жеке тұлғалар, яғни қарапайым халық ислам қаржыландыруының шарттарын жете түсінбейтін тәрізді. Көбінің көкейінде көлеңкелі мәселелер бар. Мүмкін, ислам банктері Қазақстандағы жеке тұлғаларға қызмет көрсетпей отырғаннан шығар?

       -Халыққа қатысты қызмет түрлері, яғни жеке тұлғаларды қаржыландыру ислам коммерциялық банкі арқылы шешіледі. Өздеріңіз білетіндей, Қазақстанда 3 жылдан астам уақыттан бері «Al Hilal Bank» банкі жұмыс істеп келеді. Бұл банктің стратегиясы басқаша, корпоративті клиенттермен жұмыс істейтін қаржы ұйымы болып табылады. Банк қазір жекеменшік секторда, кіші және орта кәсіпорындарға қызмет көрсету мәселесі бойынша бірнеше жоспарды ойға алған. Менің білуімше, осы бағытта бірнеше сарапшы жұмыс істеп жатыр. Келесі жылдың екінші жартысында банк жеке тұлғалармен жұмыс істейді деген болжам бар. Ислам даму банкі бір ғана ұйым емес, ол үлкен бір топ қой. Ол топтың ішінде жекеменшік секторды қаржыландыратын корпорация бар. Жақында корпорация басшысы Астанаға келді. Ол кісінің айтуынша, Қазақстанда жақын уақытта ислам лизингтік компаниясы, яғни иджара компаниясы ашылады. Қазір ашылуына көп күш салынып жатқан лизингтік компания жаңа жылдан бастап жұмысын бастайды деген жоспар бар. Осы корпорацияның тағы бір жоспары – Қазақстандағы бір банкті ислам банкіне аудару. Осылайша, келесі жылдың көктемінде Қазақстанда екінші ислам банкі есігін ашып қалар.

       -Қазақстанға бар-жоқы екі банк аз деп ойламайсыз ба?

       -Георгафиялық тұрғыдан алып қарағанда, екі банк жеткіліксіз деп ойлаймын. Бірақ, ашылғалы отырған банктің бүкіл Қазақстанды қамтитын капиталы бола ма? Банк иелерінің стратегиясы мен жоспары қандай болмақ? Тәуекел мәселесі бар екенін де естен шығармайық. Ешкім де бірден барлық аймақты қамтитындай іс бастамасы анық. Олар алдымен қандай облыста қандай тұтынушылары болатынын білуі керек. Сондықтан, екінші банк бастапқыда бес-алты аймақта қызмет көрсете бастайтын шығар. Ал егер, ислам қаржыландыруына қол жеткіземін деп ниет танытып отырған кәсіпкерлер болса, ғаламтор бар, Астана, Алматы қалаларындағы банк филиалдарымен байланысқа шығып, өз өтініштерін бере алады. Ислам банкінің тұтынушысы боламын деген әрбір адам үшін банк қолжетімді болады. Мысалы, Малайзия елінде 86-жылдан бастап бір ғана банк 10 жыл бойы жалғыз жұмыс істеген.

       -«Ислам қаржыландыруы тек мұсылмандарға ғана қызмет көрсетеді, ол «дін» дейтіндерге не айтасыз?

       – Бұл – дін емес, бұл қаржы ұйымы. Өкінішке орай, халықтың біразы ислам қаржыландыруын дін деп, ол тек мешіт салатындарға, діни бастамаларға, жалпы мұсылмандарға ғана қызмет көрсетеді деп түсініп жүр. Бұл өте алдамшы ой, бос сөз. Жақында мен ислам қаржыландыруына қатысты Малайзияда өткен үлкен конференцияға қатысып келдім. Таң қалғаным, конференцияға анау Германия, Ұлыбритания елдерінен ірі-ірі банк иелері келіп қатысты. Олар мұсылман емес қой. Солай бола тұра, бұл банк жүйесінің тазалығына, әділеттілігіне сеніп, ислам қаржыландыруы бойынша жұмыстарын бастаған. Олар рухымен, ойымен, ниетімен ислам қаржыландыруының тазалығын түсініп, осы істі дамытуға күш салып жатқанына таң қаласыз, әрине. Әңгімелескенде: «біз осы жұмысты бастағаннан кейін мұсылман болып қалған жоқпыз, әркім өз дінінде. Біз бар болғаны ислам қаржыландыруы мораль жағынан, этика жағынан өте таза екеніне сенеміз» деді. Малайзиядағы ислам банктеріне клиент болғандардың 40 пайызы мұсылман емес. Мен ислам банкінде қызметімді бастаған 2000-шы жылдары біз жеке кәсіпкерлерге қызмет ұсынып көрдік. Сонда ең алғашқы тұтынушымыз христиан дінінің өкілі болды. Оған ешкім сенің мойныңда крест бар деген жоқ. Ол да «маған ислам банкі боласыздар ма, өзге банк боласыздар ма, бәрі бір, тек сіздердің шарттарыңыз адал» деп үш рет қаржы алды. Қазір Қазақстандағы ең ауқатты фермерлердің бірі. Міне, сұрасаңыздар, сіздерге осындай да мысал келтіре аламын. Сондықтан, кеш болмай тұрғанда ислам қаржыландыруын ел экономикасына тарту керекпіз, сонда еліміз көркейеді.

       -Елімізді көркейтіп, ислам қаржыландыруын дамыту үшін сонда не істеу керек?

       -Нақты экономиканы күшейту керек. Жалпы, Қазақстанда ғана емес, әлем бойынша экономика ақшалы экономика және нақты экономика болып екіге бөлінеді. Ақшалы экономикадан елімізге не пайда? Түк те пайдасы жоқ. Ақшалы экономика ақшаны ақшаға сатып пайда көріп отыр. Осының ішінде жүргендер ғана байып отыр. Ал халқымыздың жағдайы дұрысталып жатыр ма? Жоқ. Елімізді көркейтетін тек нақты экономика, біз соны дамыту керекпіз. Ал нақты экономиканың дамуына бар күшін, жүз пайыз күш-жігерін салып жүрген – ол ислам қаржыландыруы. Менің ойымша, бір-екі жылда бұл мәселе елімізде бір ізге салмасақ, кеш болады. Кейде ойланып отырып, еліміздегі қалталы азаматтар Еуропаға, батысқа бірақ мойын бұрып кеткенін түсінемін. Олар не нәрсені де батыспен салыстырады. Ал айтыңызшы, өкінішке орай, Еуропада не болып жатыр? Арғысын айтпағанда, Еуропадағы жұмыссыздық 25 (!) пайызға жеткен. Бұл өте үлкен көрсеткіш және әлеуметтік мәселелердің әлі құрып тұрғанын көрсетеді. Еуропа дағдарыстан шығудың жолын іздеп жатыр. Не істемек, ақшаны ақшаға, несиені несиеге сата ма? Бұлай істесе, жоққа апаратын жолға тап болады. Олар ислам қаржыландыруын көзге алған. Ислам қаржыландыруы шариғат негіздері бойынша ғана жұмыс істейді. Шариғатта алдымен рухани мәселелер және әділдік бірінші орынға шығады. Бағана айтып кеткен конференцияға Түркия банкінің өкілдері де келіп еді. Олардың айтуынша, елдегі ең табысты банк осы ислам банкі. «Бастапқыда ел түсінбеді, дін деді, тек мұсылмандарға ғана қызмет көрсетеді деді, бірақ қазір біз ең табысты банкпіз», – дейді олар. Яғни, бұл да ислам банкі әділет банкі екенін айқындайды. Ал дінің кім, ұлтың кім, ол маңызды емес. Біз тек бір ғана тілде – экономика тілінде сөйлесеміз.

       -Экономиканың да түрлі тілдері бар екені белгілі, оны қаржы академиясы немесе кез келген оқу орнындағы экономика факульттері оқытып бере алады. Ал ислам қаржыландыруын кім және қайда үйретеді?

       – Бағана айтып кеттім, ислам қаржыландыруын дамытуға Үкіметтің көмегі керек. Мені ойландырып жүрген тағы бір мәселе – студенттерге, жалпы жастарға осы салада білім беру мәселесі. Байқап отырсақ, жастардың көбі қызығушылық танытып, «қай жерден ақпарат тапсам екен» деп іздеп жүр. Олар екеуара әңгімені тыңдап бір ақпарат, ана жерден бір, мына жерден бір ақпарат, интернеттен бір ақпарат тауып алады да адасады. Сондықтан, біз оларға ислам қаржыландыруын жүйелі түрде оқытуымыз керек. Былтыр қазанда Елбасы экономика саласында білім алып жүрген студенттерге ислам қаржыландыруын сабақ ретінде оқыту туралы тапсырма берген болатын. Бір жыл өтті, не істелді? Ара-тұра әрбір аймақтан бір-екі мұғалім хабарласып, «біз бір лекция өткізейік деп едік, бізге мынандай ақпарат бере аласыздар ма» деген ниеттерін білдіріп, хабарласып жатады. Біз түсінеміз, қолдан келгенше көмектесеміз. Бірақ, неге бұл іс Елбасы тапсырғандай бір жүйелендірілмей келеді? Мен осы мәселені көтергім келеді. Президент және де ғылыми-зерттеу орталығын ашу керек деген болатын. Ол үлкен болсын, кіші болсын, Алматыда бола ма, Астанада бола ма , әйтеуір құрылып, ашылуы керек еді. Бұдан бөлек, наурыз айында біз Үкімет бекіткен жол картасын қабылдағамыз. Бұған да мән берген ешкім жоқ. Тіпті, Ұлттық банктің өзі бұған күмәнмен қарайды. Себебі, білім жоқ, ислам қаржыландыруы бойынша тиісті білім жоқ. Дұрыс ақпарат жоқ. Үкіметте шешім шығаратын адамдар сенуі керек. Солар шығарған шешімнің нәтижесі ретінде біздің елде бүгіннен бастап оны оқыту бір жүйеге келуі керек. Алдағы 3-4 жылда ислам қаржыландыруы әлемдегі ең дамыған сала болады. Қазір батыста ислам қаржыландыруын қолға алмаған бір де бір мемлекет қалмады. Тіпті, ислам қаржыландыруы тұрмақ, өмірі мұсылман көрмеген Латын Америка ислам қаржыландыруын соңғы жылдары күшті дамытып жатыр. Өйткені, олар ислам қаржыландыруы ең алдымен, мұсылмандардың ғана жұмысы емес, жалпы адамзатың рухани байлығына сай екенін түсінген. Мамыр айында өткен Астана экономикалық форумы әлі естен шыға қойған жоқ қой. Менің де есімнен кетпейді. Мен бұл форум құрылғаннан бері қатысып келе жатырмын. Бірақ, биыл бірінші рет Елбасымыз болсын, халықаралық қаржы ұйымдарының өкілдері болсын, БҰҰ болсын «қаржыландыруда рухани байлыққа қайтуымыз керек» деді. Мінекей, бір принцип бар, енді біз соны сақтап, соны дамытуымыз керек, оқытуымыз керек. Әрбір адам ислам қаржыландыруынан хабардар болса, қай банкке барып жұмыс істейтінін, қай банкке барып, көмек сұрайтынын өзі таңдайды ғой…

       -Нарықты жаулап алып, несие беріп, оны бірнеше есе пайызбен қайтарып алып, күн көріп отырған банктердің «Қазақстанға ислам қаржыландыруы келсе, үлкен қолдауға ие болса, клиенттерімізді «тартып алады-ау» деген қорқынышы жоқ емес, әрине. Олар бәсекелестік тудырып, кедергі қоймайды ма?

       -Маған үнемі осы сұрақ қойылады, яғни ислам банктері мен басқа банк арасында бәсекелестік болмайды ма деген. Басқа елдерде де, бізде де бәсекелестік болмайды деп ойлаймын.

       -Неге?

       -Себебі, олардың мақсаттары екі бөлек. Әр адам өз ниетіне сай жұмыс істейді. Несиені пайызбен беретін банктер кіші және орта кәсіпкерлікті, тұрғын үй сияқты әлеуметтік мәселелерді шешу мақсатында алынған жобаларды пайызбен ғана жеп қояды да өз клиентін өздері жоқ қылады. Әрине, ол банктер жұмыс істей берсін, жұмыс істей береді де. Оларға сенетін адамдар да бар. Бірақ, олар ислам банктерімен бәсекелес бола алмайды. Тіпті, олар қорқады десек болады, себебі олар тәуекелге бара алмайды. Ислам банктері серіктес ретінде жұмыс істейді. Ислам банктері әділетті ұйым. Әділетті іздеген адам өзі бұл банкке келеді.

       -Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге көп рахмет. 

                                                                                                                                                                                                    Кенжекей Тоқтамұрат

 

 http://bnews.kz/kk/news/post/111006/#comments_form