Еуразияның қаржы қақпасы

«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) тақырыбына арналған Шетел

инвесторлары кеңесінің 29-шы отырысында «Болашаққа көз жібере отырып, біз АХҚО-ны инвестициялық капитал тарту және қаржылық тәсілдер саласындағы инновациялар орталығы ретінде көргіміз келеді. Ол Еуразияның «қаржы қақпасына» айналуы керек», деп атап көрсетті Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.

Сонымен бірге, АХҚО-ны басқару жөніндегі кеңестің алғашқы отырысы болып өткені де белгілі. Міне, осы айтулы шараларға және АХҚО-ның қызметінің басталуына байланысты алғаш рет «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Қайрат Келімбетовті әңгімеге тарттық.
– Қайрат Нематұлы, күні кеше Мемлекет басшысының төрағалығымен «Астана» халықаралық қаржы орталығын (АХҚО) басқару жөніндегі кеңестің алғашқы отырысы болып өтті. Отырыс қорытындысы туралы өз ойыңызбен бөлісіп, АХҚО алдында қандай міндеттер тұрғандығын айтып өтсеңіз. Шынын айту керек, «Астана» халықаралық қаржы орталығы жаңа жоба, сондықтан бұл мәселеден көпшіліктің хабары аздау, оның тиімділігі туралы кеңірек айтсаңыз?
– Иә, жақында «Астана» халықаралық қаржы орталығын басқару жөніндегі кеңестің алғашқы отырысы өтті. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Кеңес Төрағасы екендігі өзіңізге белгілі. Кеңес құрамы Үкіметтің экономикалық блогы басшыларынан, халықаралық қаржы орталықтары мен банктердің басшыларынан тұрады. Жиын барысында қаржы орталығының қызметі бойынша негізгі мәселелер талқыланды. Негізгі мәселелер
қатарында АХҚО-ны дамыту стратегиясы, оның негізгі органдарының құрылымын бекіту, қаржы орталығының Қаржылық қызметтер көрсетуді реттеу жөніндегі комитеті мен оның қатысушылары туралы тақырыптар талқыланды. АХҚО өз қызметін бастағанына көп уақыт өтпегенін білесіз, жарты жыл да өткен жоқ, бірақ осы уақыт ішінде ауқымды жұмыс атқарылды. Парламентте АХҚО туралы конституциялық заң қабылдады. Біз АХҚО-ны дамыту стратегиясын әзірледік, бұл стратегияға сәйкес АХҚО-ны дамытудың негізгі стратегиялық бағыттары айқындалды. Біздің басты бағыттарымыз бұл капитал нарығы, активтерді басқару, жеке тұлғалардың әлауқатын басқару, исламдық қаржыландыру және қаржы технологиялары болып табылады. Кеңес отырысында күн тәртібіне қойылған мәселелердің барлығы да мақұлданды. Кеңес АХҚО-ны дамыту стратегиясын бекітті. АХҚО алаңында «Ұлттық чемпиондар» мен тартымды квазимемлекеттік компанияларды жекешелендіру мәселелері кең талқыланды, бұл АХҚО жұмысындағы басты бағыттардың бірі екендігін атап өткім келеді. Өйткені, біз 2016-2020 жылдар аралығында АХҚО биржасында акцияларын жария түрде орналастыру арқылы «Самұрық-Қазына» қорының компаниялары жекешелендіріледі деп жоспарлап отырмыз. Сонымен бірге, отырыста бекіілген маңызды мәселенің бірі – бұл Орталықтың реттеуші органы – Қаржылық қызметтер көрсетуді реттеу жөніндегі комитетін немесе Astana Financial Services Authority (AFSA) құру және оның ережесін бекіту туралы шешім. АФСА орталық қатысушыларының тіркеу, лицензиялау, реттеу және оларды қадағалау бойынша толық операциялық қызметті 2018 жылдың басына қарай бастайды. Тұтастай алғанда, күн тәртібіне қойылған барлық мәселелер бекітілді. Мемлекет басшысы атап өткендей, АХҚО Қазақстанда қазіргі таңда жүргізіліп жатқан құрылымдық реформалардың бір бөлігі және оның құрылуы экономиканы әртараптандыруға
бағытталған. Біз Мемлекет басшысы қойған міндеттерді іске асыру үшін одан әрі жұмыс істейтін боламыз.
– Бізде бұған дейін де қаржылық орталық Алматыда құрылған еді ғой ол аймақтық орталықтан бұл орталықтың айырмашылығы қандай болмақ?
– Рас айтасыз, 2004 жылы елде қаржылық орталық құру туралы ой болып, сол бойынша ісшаралар жасалған. Себебі, Қазақстан сол кездің өзінде-ақ, қаржылық хабқа айнала алатын әлеуетін көрсеткен. Арнайы агенттік құрылды, Үкімет пен Ұлттық банктің назары осы шараға мейлінше аударылған болатын. Алайда, ол несиенің аса ауқымды көлемде берілу үрдісі алдында қолға алынған шара еді, кейіннен 2008-2010 жылдары қаржылық дағдарыс басталғанда, экономикалық аухал оған мүмкіндік бермеді. Ең бастысы, саяси шешімнің болмауының әсерінен тәуелсіз сот, ағылшын құқығы секілді ойлар жүзеге асырылмады. Әрине, біраз шаралар іске асырылды, көптеген сауалдар бойынша қажетті ойлар топтастырылды, алайда, ол кездегі аймақтық қаржылық орталық пен қазіргі халықаралық қаржы орталығының бір-бірінен айырмашылығы зор. Бұл – бір-бірінен бөлек стратегия,
өзгерек бизнес іс-шара. Сол үшін де біз Дубай қаржы орталығымен бірігіп жұмыс істей бастадық, өйткені, ол шетелдік инвесторларға таныс. Ағылшын құқығы бойынша жұмыс істеуді мақсат етіп, конституциялық заңға өзгеріс енгіздік. Бұл арада аса ауқымды мемлекеттік қолдау бар. Оның үстіне «Астана» халықаралық қаржы орталығын құру ел экономикасын әртараптандыруға арналған құрылымдық реформалармен тікелей байланысты.
– АХҚО жобасы – тек Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл Еуразиялық кеңістігі үшін де тың жоба. Біздің білуімізше, сіз соңғы бірнеше айдың ішінде әлемнің барлық қаржы астаналарында болып келіпсіз. Халықаралық инвесторлар Орталық Азиядағы жаңа қаржы хабының мүмкіндіктерін қалай бағалауда?
– Иә, соңғы бірнеше айдың ішінде біз Еуропаның, Азияның, Таяу Шығыс пен АҚШ-тың қаржы орталықтарында болдық. Ірі қаржы орталықтарының басшыларымен және дуалы ауыз сарапшыларымен кездестік. Бізге, ең алдымен өз қаржы орталығымыздың қызметтері ұсынылатын елдердің өкілдерімен қарым-қатынас орнату өте маңызды. Бұлар әрине, біздің көршілеріміз – Еуразиялық экономикалық одаққа кіретін елдер, Орталық Азия
елдері мен Қытай. Осы орайда біз қазір бірқатар кездесулер өткізіп үлгердік. Қытай елінің қаржы реттеушілері – Қытай Халық банкімен, Бағалы қағаздар нарығын реттеу жөніндегі мемлекеттік комиссиямен, сондай-ақ, бизнес-құрылымдары: Қытай инвестициялық корпорациясымен (CIC), Жібек жолы қорымен (ЖЖҚ), Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкімен (АИИБ) келіссөздер жүргіздік. Ерекше атап көрсетер мәселе,
Астана қаласында тәуелсіз қаржы сотын құру бойынша «Дубай» ХҚО-мен тікелей жұмыс жүргізіп жатырмыз. Парсы шығанағы өңіріндегі біздің негізгі серіктесіміз бұл – Дубай халықаралық қаржы орталығы. Сондай-ақ, тығыз қарым-қатынас туралы британдық тараппен, атап айтқанда, Лондондағы ХҚО, Лондон қор биржасы және қаржыгерлердің Лондон қауымдастығымен уағдаластыққа қол жеткіздік. Америкалық серіктестерімізбен
консультациялар өткіздік. Естеріңізде болса, өткен жылдың қыркүйек айында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Нью-Йорк қаласында АХҚО-ның тұсаукесері өткен болатын. Сол кездесуге америкалық бизнестің 30-дан астам капитандары, сондай-ақ, іскерлік орта өкілдері қатысқан еді. Олардың барлығы өз тараптарынан біздің бастамамызға зор қызығушылық танытқан болатын. Біз АҚШ-қа жасаған сапарымыз барысында олардың шынайы қызығушылық танытатындарына тағы да көз жеткіздік. АХҚО біздің өңір үшін бірігей жоба екендігі белгілі. АХҚО-ның мақсаты – Қазақстанның астанасында халықаралық деңгейдегі қаржылық қызметтер көрсететін жетекші қаржы орталығын қалыптастыру болып табылады. Посткеңестік кеңістікте алғаш рет ағылшын құқығының қағидаттары енгізіледі, қаржы орталығының ресми тілі – ағылшын тілі болады. 2018 жылдың басында, АХҚО толыққанды жұмыс істеуге кіріседі. Соған дейін біз әлемнің қаржы нарығында бар барлық үздік тәжірибелерді өзімізге енгізу үшін барынша ыждағатты жұмыс атқарып жатырмыз.
– Қайрат Нематұлы, жақында өткен Астана экономикалық форумы аясында жаңа қаржы технологиялары туралы мәселелер жан-жақты талқыланды. Қазіргі таңда криптовалюталар, блокчейн технологиясының рөлі туралы пікірталастар жүргізілуде, мобильді қаржы технологиялары қарқынды дамып келеді. АХҚО-ның
әлемдік қаржы сахнасындағы осындай жаңа бағыттардағы алатын орны қандай болмақ?
– Ақиқатын айтсақ, қазіргі кезде қаржы технологиялары бойынша бағыт аса жылдам қарқынмен өсіп келе жатқандығын көруге болады. Біз алдағы бес жыл ішінде бұл сала қаржы қызметтерінің әлемдік рыногын айтарлықтай өзгертеді деп ойлаймыз. Осыған орай, біз АХҚО-ның заманауи инфрақұрылымын қалыптастырып, зертханаларды дамыту арқылы және қаржы орталығында жұмыс атқаратын ірі қаржылық және технологиялық
компаниялармен тығыз қарым-қатынас орнату арқылы финтех жобалар тартылатын орталыққа айналуы тиіс деп санаймыз. Біз АЭФ аясында осы тақырыпқа сессия арнадық. Оған осы нарықтың ірі өкілдері қатысып, негізгі трендтер мен даму перспективаларын талқылады. Жаңа қаржы технологиялары бойынша жұмыс істейтін банктер мен компаниялар өздерінің бәсекелестерімен алдағы уақытта ынтымақтастық орната ма, мемлекет тарапынан оларға деген көзқарас қандай, оларды қолдау мен реттеу бойынша қандай да бір құралдар бар ма деген мәселелер бойынша қызу пікір алысу шаралары өткізілді.
– Отандық бизнес субъектілерінің, банктердің, қаржы ұйымдары мен мамандарымыздың аталмыш қаржы орталығын құру жұмысына белсене қатысуының маңызы зор. Сіз олардың қатысуы қандай деңгейде болады деп ойлайсыз және біздің рынок осы саладағы жаңа технологиялар мен заманауи үрдістерге қаншалықты дайын?
– Біз отандық қаржы нарығының барлық кәсіби қатысушыларын құшақ жая қарсы аламыз. Олар ешбір кедергісіз тіркеліп, АХҚО қатысушысы болады да жұмыс істей береді. АХҚО қатысушылары ретінде брокерлік-дилерлік, андеррайтингтік қызметтер көрсететін халықаралық және отандық компаниялар да, инвестициялық компаниялар, исламдық банктер, сақтандыру компаниялары да шақырылатын болады. АХҚО органдары мен
қатысушыларына қызмет көрсету үшін ірі заңгерлік, аудиторлық, бухгалтерлік, консалтингтік компаниялар тартылатын болады. Біз үшін АХҚО-ға жоғары білікті кәсіби мамандарды тарту мәселесі өте маңызды болып
саналады. Білім мен технологиялардың трансфертін қамтамасыз ететін шетел мамандарымен қатар, әлемнің жетекші университеттерінде білім алған, Қазақстанға пайдасын тигізуге ұмтылатын жергілікті жоғары білімді мамандарды да белсенді түрде жұмысқа тарту жоспарланып отыр. Сонымен қатар, АХҚО-да біліктілікті арттыру, сертификаттау бағдарламаларын, сондай-ақ, тиісті салалардағы зерттеу бағдарламаларын
қолдауға көп көңіл бөлінетін болады. Бұл білім беруді дамытуға, атап айтқанда, қаржылық

қызметтерді ұсынуда біліктілікті арттыруға үлкен үлес қосатындығы сөзсіз. Қазіргі уақытта халықаралық «Болашақ» стипендиясы шеңберінде АХҚО органдарын кадрлық қамтамасыз ету, сондай-ақ, АХҚО-да жұмыс істейтін қызметкерлерді шетелде тағылымдамадан өткізу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

– АХҚО қызметінің негізгі бес бағытының ішінде исламдық қаржыландыру бар. Қазіргі біздің нарықтағы исламдық қаржыландырудың көлемі әзірге аса үлкен емес. Исламдық қаржы құралдары халыққа қолжетімді бола ма?
– Иә, сіздің исламдық қаржы туралы айтқаныңыз өте орынды. Біздің жұмысымыздың басты бағыттарының бірі исламдық қаржыландыруды дамыту болып табылады. Исламдық қаржыландыруды дамыту аясында АХҚО-да белсенді түрде исламдық қаржы институттары үшін қолайлы құқықтық және реттеуші орта жасау мақсатында жұмыстар жүргізілуде. Исламдық бағалы қағаздарды шығару және айналысқа жіберу бойынша Ұлыбританияның, Таяу Шығыс пен Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің тәжірибелері зерде-
ленуде. Ағымдағы жылғы сәуір айында Қазақстан мен ТМД елдерінде исламдық қаржы қызметтері индустриясын дамыту, сондай-ақ, АХҚО-ның исламдық қаржыландыруды дамыту жол картасын әзірлеу мақсатында Ислам даму банкі тобымен меморандумға қол қойылды. Сондай-ақ, Қазақстанда исламдық қаржыны дамытуға Азия даму банкі, Араб банктерінің одағы сияқты халықаралық қаржы ұйымдары өз тараптарынан қызығушылық
танытуда. Иә, қазіргі уақытта исламдық қаржының үлесі өте көп емес, бірақ елімізде Әл Хилал банк сияқты және басқа да компаниялар жұмыс істеп жатыр. Біз еліміздегі исламдық қаржыландырудың әлеуеті өте зор деп санаймыз, өйткені, біздің өңірдегі халықтың басым бөлігі мұсылмандар, сондай-ақ, исламдық қаржыландыру орталықтары Таяу Шығыста, Оңтүстік-Шығыс Азияда, Түркияда дамыған, тіпті, Ұлыбритания сияқты еуропалық елдер де осы саланы дамытуға көп көңіл бөлуде. Сондықтан «Астана» халықаралық қаржы орталығы Орталық Азиядағы исламдық қаржыландыруды дамыту әлеуетінен мол үміт күтеді.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ
Дереккөз:
«Егемен Қазақстан»